15 March 2023
Жабайы жануарлардың иісі арқылы ізіне түсуге үйретілген 15 астам қызметтік-іздегіш иттер қазіргі таңда қазақстандық шекарада қызмет етуде. Олар шекаралық қызмет және кеден органдарына тірі жануарлар, олардың бөліктері мен өнімін заңсыз алып өтуді тоқтатуға көмектеседі.
Иттер ақбөкен немесе арқардың мүйіздерін, тірі тасбақалар, ителгілер, барыстың терісі мен аюдың тырнақтарын иісі арқылы іздеп табуға дағдыланған. Қазақстанда иттердің көмегімен атқарылған ең қомақты құрықтаулар: 2018 жылы 800 ортаазиялық тасбақа партиясы, 2017-2018 жылдары 12 дана аюдың өт қабы, екі дана маралдың қос мүйізі және 2020 жылы бес жұп елік мүйізі.
Аталған жұмыс ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Кинологиялық орталығы және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі. Қазір ол АСБК жобасы аясында Fauna and Flora International-мен серіктестікте Есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау қызметі халықаралық бюросының (INL) қолдауымен жалғасын табуда.
Осы аптада Алматыда қызметтік-іздегіш иттерді жабайы табиғатқа қарсы қылмыспен күреске қолдануы бойынша практикалық семинар өтуде. Онда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Кинологиялық орталығы қызметкерлерінен басқа Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Чехия елдері қызметтестері қатысады. Кездесудің мақсаты — қызметтік-іздегіш иттермен жұмыстағы тәжірибе алмасу.
Алғашқы төрт қазақстандық ит 2014 жылы дайындықтан өтті. Ол кезеңдегі оқытудың басты мақсаты еліткіш заттар мен ақбөкеннің мүйізін іздеп табу болды. 2017 жылы иттер жаңа дағдыға яғни, ортаазиялық тасбақа мен ителгі, сонымен қатар есірткінің екі түрін иіс арқылы тауып алуды игерді. 2020 жылы шекара қызметінен сегіз кинолог-маман иттерімен бірге оқытудан өтті. Бұл жолы оқыту бағдарламасына барыс пен арқардың иісі қосылғанды. Иттер біліктілікті арттыру курстарын үнемі өтіп, жаңадан келгендері жаттықтырылып отырады.
Поделиться с друзьями