22 May 2023
Мамыр айының басында Үндістанның Дели қаласында Орта Азиялық ұшу жолы бойында орналасқан елдер өкілдерінің кездесуі өтті. Оның мақсаты – қоныс аударатын құс түрлерін зерттеу және қорғауда үкіметаралық ынтымақтастықтың анағұрлым ықпалды дәрежеде келісімге келуі болды.
⠀
Кездесу барысында әр ел құстарды зерттеу және қорғау саласында соңғы жылдардағы жетістіктері жайлы баяндама ұсынды. Құстарға төнетін басты қатерлер, оның ішінде браконьерлік, электр жеткізу желілерінде және жел электр станцияларында мерт болуы, улануы аталды.
⠀
Қатысушылар қоныс аударатын құстар саны азайып келетінін мойындап, шұғыл шешім қабылдауға және әрекет етуге бір ауыздан келісті.
⠀
Орта Азиялық ұшу жолы бойынша бастама (CAFI) құру туралы келісім шартқа отыру кездесудің маңызды нәтижесі болды. Бастама елдер арасында ақпарат алмасу және шешім қабылдауға заманауи әдістерді өңдеу және оларды қолдану, миграциялық құстарды зерттеу мен қорғауға қаражат тарту ауқымында тиімді бірлесуге бағытталған.
⠀
Бастаманың қалыптасуы мен жұмысын үйлестіруде жетекші рөлді Конвенция Хатшылығы мен Үндістан Үкіметіне беру ұсынылды. Алдағы уақытта бұл шешім жобасын қарастыру және қабылдау үшін қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі конвенцияның (CMS) қатысушы елдеріне жіберіледі. Конвенция қатысушыларының келесі кездесуі Өзбекстан елінің Самарқанд қаласында осы жылдың қазан айына жоспарланған.
⠀
Іс-шараны Үндістандағы қоршаған орта, орман және климаттың өзгеруі министрлігі және көші-қон жабайы жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі Конвенция (CMS) Хатшылығы ұйымдастырды. Кездесуде 11 ел өкілдері, және оған қоса мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардан 73 қатысушы болды.
⠀
Қазақстаннан ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесі бөлімінің сарапшысы Жанна Бейспаева және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының атқарушы директоры Вера Воронова қатысты.