ҚБСА 2006 жылдан бастап Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау бағытында қызмет етіп келеді. Биоалуантүрлілікті сақтау жұмысы іргелі зерттеулерді қажет ететіндіктен, біздің барлық әрекеттеріміз ғылыми негізде атқарылады.
ҚБСА биоалуантүрлілікті экожүйе деңгейінде сақтауды қолға алған.
Жануарлардың кейбір түрлері қоршаған ортаның индикаторы ретінде қарастырылады. Белгілі бір жануар түрінің жалпы жағдайын, биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оған төніп тұрған қауіп-қатерлерді анықтау арқылы сол ортадағы экожүйенің үйлесімді тіршілігін сақтауға болады. Ал бұл - жалпы биоалуантүрлілікті сақтауға негіз бола алады.
Бүгінгі таңда ҚБСА келесі жануарлар түрін зерттеп, сақтауда: киік, қарақұйрық, құлан. Пржевальский жылқысы, қасқыр, қар барысы, ұсақ сүтқоректілер (үлкен қосаяқ, сары суыр, зорман, байбақ суыры), тарғақ, шиқылдақ қаз, қызыл жемсаулы қарашақаз, дала қыраны, жетісу аяқтыбалығы және т. б.