23 January 2023
17 қаңтар күні Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында дала бөрісінің қысқы санағы басталды. АСБК мамандары қорық қызметкерлерімен біріге орман алабы мен оған іргелес далалы жерлерді 10 күн бойы зерттеп барлайды. Сонымен қоса жыртқыштың азығы болып табылатын бірқатар жануарлар — елікті, бұланды, жабайы шошқаны және т.б. байқап белгілейтін болады. Оларды есепке алу үшін жүріс бағдарында фототұзақтар орнатылады.
Алғашқы төрт күндік есеп нәтижесіне сәйкес мамандар Науырзым қорығының алуан түрлі жануарларға байлығын байқады. Жиі кезігетіндері — екі лақты еліктер және бұландар, әр кездескен бұлан аналығының жанында өткен жылғы бұзауы бар. Сұр бөрілердің іздері де көп күттірмей кезіге бастады, жұпсыз жалғыздары мен жұптылардың, сондай-ақ 5 дараға дейінгі отбасылық топтардың іздері көрінді.
Бірлескен жұмыстың тағы бір мақсаты қорық мамандарын SMART Mobile мобильді қолданбасымен таныстыру еді. Қолданба қазірдің өзінде бірнеше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарларды кездестіру мен аумақты тору нәтижелері туралы деректерді жинау үшін қолданылып келеді. Мұндай деректер есеп және аналитикалық анықтамаларды тез дайындауға зор көмегін тигізеді.
Аталған жұмыс АСБК мен Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының ынтымақтастығы туралы келісімі аясында орындалуда.
Сурет: Алексей Тимошенко / АСБК
Поделиться с друзьями