7 December 2018
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА) Қазақстан құстарын қорғау одағымен бірлесіп Жылдың құсы 2019 символы ретінде дуадақты таңдады.
Дуадақ - дуадақ тұқымдасына жататын ірі денелі құс. Аталық құстардың салмағы 16 кг-ға, дене ұзындығы 110 см-ге дейін жетеді. Әлемдегі ұшатын ең ауыр құстардың бірі. Аналық пен аталық құстарының сыртқы бояуы бірдей, тек көктемде аталық құстарда ақ "мұрт" пен мойнында қоңыр-сары қарғы пайда болады. Ауа райы мен қорек мөлшеріне байланысты көшіп-қонады. Қазақстанның солтүстігіндегі далалы аймақтарда және кейде оңтүстік шығыс даласында ұялайды. Еліміздің оңтүстігінде қыстайды.
Кезінде далалы аумақтарда жиі кездесетін дуадақтар ХХ ғасырдың ортасынан бастап күрт азая бастады. Басты себептер: тың жерлерді иегеру және браконьерлік. Қазіргі таңда әлемде 50 000 жуық дуадақ бар деп есептеледі, және де бұл сан жыл сайын азаюда. Қазақстанда 100-ге жуық жұп ұялауы ықтимал, қыстауларда 1-2 мың құс кездеседі, оның ішінде Моңғолия мен Ресейден келгендер де бар. Дуадақтардың миграция жолдары толықтай зерттелмеген.
Дуадақ IUCN Қызыл тізіміне және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Дуадақты аулаған жағдайда 700 АЕК мөлшерінде, яғни 1 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Басты қауіп-қатерлер: қарқынды ауыл шаруашылығы, мекен ету аймақтарының жоғалуы, заңсыз аңшылық.
Поделиться с друзьями