Қазақстан биоалуантүрлілікті
сақтау ассоциациясы (АСБК)

>

Қазақстанда 18 тарғаққа жерсеріктік таратқыш бекітілді

19 September 2022

2022 жылы Орталық Қазақстанда тарғақтың 18 дарасы ұсталып, жерсеріктік таратқышпен таңбаланды. Бұл бір маусымда белгіленген ең көп тарғақ саны.

Жерсеріктік таңбалау әдісі жабайы жануарлардың көші-қонын зерделеуде қолданылады. Аталған әдіс арқылы біз тарғақтың қоныс аудару бағдары бойынша өзекті мәліметтер алып отырамыз және олардың маңызды аялдау орындарын анықтаймыз. Сонымен бірге, таңбаланған құстардың анық орнын хабарлау арқылы бұл сирек құсты басқа елдерде де бақылау жұмысын үйлестіруге көмек береміз.

2007 жылдың күзінде алғашқы таңбаланған тарғақтар Түркияда соңғы 100 жылдағы оның ең көп топтанған шоғырын анықтауға сеп болды — бір құстың таратқышы берген байланысы арқылы тарғақтың 3200 дарасы байқалды. Оған қоса, Өзбекстан мен Түркменстандағы Талимарджан трансшекаралық ауданының маңыздылығы расталды. Тарғақтар онда маусымдық қоныс аударуларда аялдап отырады және жергілікті орнитологтар жылда оның 4000-8000 дейін дарасын бақылайды.

2022 жылдың күзгі көші-қоны да екпін алуда. Қыркүйек айының басында Өзбекстан құстарды қорғау қоғамынан (UzSPB) әріптестеріміз Талимарджанға саны 3000 жуық тарғақтар тобы ұшып келгенін хабарлады. Сондай-ақ біз таңбалаған үш құс Қазақстанның оңтүстігіне жетіп қалды, және сол жаққа бағдар алатын секілді. Тағы дәл сондай үшеуі батысқа бет бұрып, қазір Қостанай облысының оңтүстігінен сигнал беруде.

Сонымен қатар 2022 жылғы сәуір-қыркүйек айлары егістік маусымы уақытында тарғақ популяциясының санын есепке алу жұмысы да жүргізілді. Оның әлемдік популяциясының 95%-нан астамы Қазақстанда ұя салатындықтан, біздің еліміз үшін тарғақты зерттеу және қорғау бойынша ұзақ мерзімді жұмыстың мәні орасан зор.

Ғаламдық жойылып баратын далалық құс түрін зерттеу және сақтау жұмысы халықаралық жоба, оны АСБК 2004 жылдан бері Ұлыбритания және Германиядағы әріптестерімен бірге жүргізіп келеді. Сонымен бірге жобаға Индия, Пакистан, Ресей, Судан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстаннан серіктестеріміз қатысады. 2018 жылдан бері ЖШС “Тенгизшевройл” Қазақстандағы жобалық жұмысқа қаржылық қолдау көрсетуде.

Сурет: Руслан Уразалиев / АСБК

Поделиться с друзьями